Русский Сайттың толық нұсқасы

Илья Ильин қос бірдей олимпиада медалінен айырылды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2016
  • 3014

Екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің чемпиондық атақтары алынып тасталды. Елді дүр сілкіндірген бұл ақпарат Халықаралық олимпиада комитетінің ресми сайтында жарияланған. Осыған орай бүгін Астанада Ильяның өзі Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілермен жүздесті, сауалдарына жауап берді.

Қос бірдей олимпиада шыңын бағындырған даңқты зілтеміршінің әдеттегідей ақ жарқын мінезі бүгін байқалмады.  Өзінің чемпиондық атақтары алынып тасталғанын бүгін ол БАҚ өкілдерінен естіген. Бұл жағдайға ешкімді  кінәламаймын дейді ол.

Илья Ильин, ауыр атлет: 

Бейжіңде алған медалімді польшалық досым, екінші орын алған, Шимон Калецкийге қайтарып берермін. ХОК солай шешкендіктен, менің оны ешкімге бермеймін деп жатып алуым жарамас. 
 
2008 жылғы олимпиадада алған медалі польшалық әріптесіне бұйыратынын айтқан Илья, Лондонда алған алқасы кімге берілетінін білмей дал. Себебі 2012 жылғы басты спорт додасында отандасымыздың салмақ дәрежесіндегі 1- орын мен 9-шы орын алған спортшылардың барлығының ағзасында тиым салынған препараттар табылған. Ал 10- орын алған атлет допингтік сынамаға қан тапсырмаған болып шығыпты.

Илья Ильин, ауыр атлет: 

Біз шынайы жеңіске жеттік, алайда, жағдай осылай болған екен, оған көну керек. Мен "мынау кінәлі" деп әлдекімді саусақпен көрсеткенмен, ештеңе өзгермейді. Жеңіске жеткенде, менімен бірге қуанған командаластарым мен бапкерлерім, осы шақты да бірлесе өткерерміз.  

Айтпақшы, "Илья Ильин Мәдениет және спорт министрлігінің штат және ұлттық командалары дирекциясында кеңесші болып қызмет атқаратын болды" деген ақпарат та тараған еді. Алайда болған жайтты сараптаған ол, бұл қызметтен өз еркіммен бас тартуға бел байладым, дейді.

Илья Ильин, ауыр атлет:

Мұның жақсы не жаман екенін білмеймін, бірақ мен жұмыстан кетуге өтініш жаздым. Себебі кей адамдар менің жұмыс істеуге құқым жоқ екенін айтып жатты. Расымен де, әзірге асығыс шешім қабылдағым келмейді.

Илья Ильин алдағы жоспарларымен де бөлісті. Болашақта білімін жетілдіріп, шәкірт тәрбиелеп, бизнеспен айналысуға да құлшынатынын жасырмады. Ал, "келесі олимпиадаға барасыз ба" деген сұраққа, ойлануым қажет  деп жауап берді.