Русский Сайттың толық нұсқасы

Ninety One "Ирина Кайратовна" тобының "Чина" әнін өз мәнерінде орындап шықты

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2023
  • 1156

Алматыда Red Bull SoundClash атты ғаламат музыкалық жекпе-жек өтті. Ол жерде Қазақстанның ең танымал екі тобы - "Ирина Кайратовна" мен Ninety One күш сынасты, деп жазды massaget.kz

Red Bull SoundClash – екі танымал орындаушының арасында өтетін жекпе-жектің бірегей форматы. Төрт кезең бойы, екі команда да сахнада өз өнері мен шеберлігін көрсете отырып, қарсыласын бәсекеге шақырады. Жеңімпазды сол алаңда орнатылған, арнайы шу өлшегіш анықтайды.

Текетірес өткен осы шайқаста екі топ та аянып қалмай, бар өнерін ортаға салды, сахна падишаһы атану бақыты кімге бұйырары соңына дейін белгісіз болып тұрды. Финалдық сайыста жеңісті Ninety One тобы иеленді.   

Сайысқа қатысушылар алдымен сахнаға шығып, жиналған жұрттың делебесін қоздырудың, тартысты шоуды қызыға тамашалайтындай көңіл-күйге жеткізудің қамын жасады. The Cover ("Кавер") аталған бірінші кезеңде: музыканттар A’Studio тобының репертуарындағы әйгілі "Джулия" композициясының жаңаша өңделген, кавер нұсқасын орындады.   

The Takeover ("Түре тартыс") атты екінші кезең тіпті қызық болып өтті. Музыканттардың бұл кезеңдегі басты міндеті -қарсыласы бастаған әнді іліп әкетіп, әрі қарай өз стилінде орындау еді.

"Ирина Кайратовна" батлды өзінің "Чина" атты композициясымен бастады. Бәсекелестері бұл әнді оңай іліп әкетті де, әрі қарай өз мәнеріне салып, жалғастырды. Одан кейін "91" өз репертуарындағы Oinamaqo атты хит әндерін орындауға кірісті. Осы жерде "ИК" тобының жігіттері жиналған  жұртты таң қалдырды. Олар сахнаға түрлі-түсті жасанды шашпен шығып, қарсыластарына пародия жасады.

- Ондайды күтпеп едік, бастарына парик киіп алған, әрі өздерінің әзілқой стильдерін ұстаныпты, - деді кейіннен "91" тобының музыканттары. – Нағыз түре тартыс болды. 

Wildcard ("Жұмбақ қонақ") аталған шешуші және нағыз қобалжытатын  кезеңде әртістер көрерменді өз дуэттерімен қайран қалдырды. "Ирина Кайратовнаның" қонағы Қайрат Нұртас сахнаға шыққан кезде, көрермен дүр сілкінді – сөйтіп, халыққа кең танылған екі орындаушының, көптен күттірген дуэті өмірге келді. Ал  Ninety One-ның жігіттері көмекке "Орда" тобының мүшесі, өз топтарының бұрынғы продюсері Ерболат Беделханды шақырыпты.

Red Bull SoundClash жекпе-жегінің толық нұсқасын Кинопоиск сайтынан, Яндекс Плюс жазылымы бойынша көруге болады.

Міне, кеш жүргізушілері Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек шоу жеңімпазын жариялады, сөйтіп, Ninety One тобы сахна падишаһы атанды. Қатысушылар Red Bull SoundClash жекпе-жегінің соңында Taboo хитын бірге орындап, өз шығармашылықтарына деген сүйіспеншілігі мен көрсеткен қолдауы үшін барлық көрерменге алғыс білдірді.

"Алған әсеріміз үшін ризамыз! Өте керемет болды, ғажап! Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріміздің бәріне алғыс айтамыз. Әрқайсысының ықыласын сезініп тұрдық. ИК тобының жігіттері мықты өнер көрсетті, көрерменді тәнті қылды. Әсіресе, "Джулияны" керемет орындады. Алдиярға таң қалдық, оның әнді дәл осылай мықты айтатынын білмеппін", - деді 91 тобының мүшесі Bala.