Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2023
  • 1276

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың қаржылық сауаттылығвн арттыру мәселесі жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін Оқу-ағарту министрлігі оқу бағдарламалары шеңберінде қаржылық сауаттылық курстарын енгізу мәселесін пысықтауы керек. Ғылым министрлігі бұл мәселелерді жоғары оқу орындарымен бірге қарауы тиіс. Кәмелетке толған жастар өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қалай дұрыс есептеу керектігін, кредитті қалай және қандай кредит алу керектігін нақты түсінуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, халықтың шамадан тыс кредит алу проблемасын шешу құралдарының бірі – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы институты.

«Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды.Сонымен бірге борышкерлердің бәрінде бірдей банкроттық рәсімін пайдалану мүмкіндігі жоқ. Проблемалық қарыз алушыларды көбірек қамту үшін Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін құжаттар беруді оңайлату және соттан тыс банкроттықты қолдану рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бірақ, адамдарда «банкрот болсақ, қарызды жаба салады екен» деген қате түсінік болмауы тиіс.
Бұл – үлкен жауапкершілігі мен белгілі бір шектеулері бар маңызды қадам», - деді ол.

Смайылов атағандай, бүгінгі таңда банк саласындағы интернет-алаяқтық өзекті мәселеге айналды.

«Соңғы жылдары мұндай фактілердің саны 5 есеге дейін көбейіп кеткен. Осы жылдың басынан бері интернет-алаяқтыққа байланысты 15 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді. Келтірілген зиянның мөлшері 13 млрд теңгені құрады. Оның 65%-ін шетелден келген алаяқтар жасаған.
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және мобильді байланыс компанияларымен бірге осындай жағдайларға мониторингті күшейтіп, алаяқтық фактісі бойынша азаматтардың өтініштерін жедел қарауы керек. Халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.
Бұл халықтың табысын арттыруға және кредит алуын төмендетуге барынша оң әсер етеді», - деді ол.

Смайылов атағандай, жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жоспарланған инвестициялық жобаларды, оның ішінде шикізаттық емес секторларда іске асыруды жеделдетіп, жаңа жобаларды пысықтауы тиіс.