Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ауыл шаруашылығында қолданатын дәріні сепкен": Денсаулық сақтау вице-министрі Ақтауда қандалаға қарсы дәрі сепкендер туралы айтты

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2023
  • 930

Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Ақтау қаласында қандаланы улау жұмыстарынан кейін көз жұмғандар мен ауруханаға түскендерге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, қандалаға қарсы улаудың соңы қайғылы жадғайға әкелуінің бірден-бір себебі тұрғындардың дәрі нұсқаулығына қарамағндығынан. Олар “У”-дың атына да, қандай мақсатта қолдану керектігіне де мән бермеген деп отыр.

“Біріншіден, дезинфекция-дератизация бойынша қолданылған құралдар міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі керек. Екіншіден, осы екі жағдайда эпидемиологиялық тексеріс өткізген уақытта мынадай нәтиже шығардық. Бірінші жағдайда бір отбасының 7 мүшесі уланып, екеуі көз жұмған еді. Қазір 5 азамат емделіп, ауруханадан шығарылды. Алайда олар залалсыздандыру жұмыстарын өздеріміз өткіземіз деп “У”-ды Алматыдағы базардан сатып алған. “У”-дың не атын білмейді, оның нұсқаулығына да қарамаған. Олар ешкімге айтпай оны үйде пайдаланып, өздері кетіп қалған. Желдету жүйесі арқылы ауа жоғары қабаттағы пәтерлерге таралып, нәтижесінде топтық улануға әкелді,-деді вице-министр.

Вице-министр дәл осындай жағдаймен екі ересек пен үш баланың ауруханаға түсу себебін де түсіндіріп берді. Оның айтуынша зардап шеккендер ауылшаруашылығында ғана қолданатын зиянды препаратты нұсқаулығына қарамай пайдаланған.

“Екінші жағдайда пайдаланған дәрі де анықталды. Оның нұсқаулығында препараттың фумигация құралына жататыны жазылып тұр. Оны тек қана ауылшаруашылығында ғана пайдалануға болады”,-деді ол.

Айжан Есмағамбетова биологиялық қауіпсіздік туралы заң қабылданғанда дезинфекция-дератизация жұмыстары тек лицензия арқылы жүргізілетінін еске салды. Заң келесі жылы 1-шілдеден бастап күшіне енеді.