Русский Сайттың толық нұсқасы

Өзбекстан Газа секторының тұрғындарына көмек ретінде $1,5 млн бөледі

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2023
  • 719

Өзбекстан Газа секторының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс агенттігіне 1,5 миллион доллар бөледі. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев күз-қыс маусымдарына энергетикалық жүйені дайындау мәселелері талқыланған кеңесте мәлім етті.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев кеңестің басында бүкіл әлемді алаңдатқан мәселеге тоқталды.

«Өздеріңіз білетіндей, Израиль әскері мен ХАМАС қозғалысы арасындағы қарулы қақтығыстар гуманитарлық дағдарысты еселей түсті. Сондай-ақ бейбіт, жазықсыз халық құрбан болып жатыр. Балалар мен әйелдер қаза тауып, адамдар панасынан айырылды, туған үйлерін тастап кетуге мәжбүр болып жатыр. Біз Палестина мен Израиль тараптарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Мен Газа секторының тұрғындарына қолдан келгенше көмек көрсету үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыс агенттігіне 1 миллион 500 мың доллар бөлу туралы шешім қабылдадым. Біз Палестина халқының БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің бұрын қабылданған қарарларына сәйкес, оның тәуелсіз мемлекет құру құқығын қолдаймыз», - деді Өзбекстан президенті.

Шавкат Мирзиёев екі тарапты қақтығыс қимылдарын тоқтатуға және жанжалды бейбіт жолмен шешуге шақырды.