Ұлыбританияның мыңдаған тұрғыны үйлерімізде қандала қаптап кетті деп шағымдануда. Лондондағы дезинфекциямен айналысатын мекемелер шақырудың күрт көбейгенін растап отыр. Қандала туралы Гуглден ақпарат іздейтін адамдардың саны төрт есеге жуық өскен, деп хабарлайды Kazinform.
Париж халқын шулатқан зиянкестер Лондонда саяхаттап жүр.
Киім-кешек пен қол жүгіне жабысып келген жәндіктер Ла-Манш бұғазы арқылы Ұлыбритания астанасына да жетті.
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында дәл осындай тақырыптағы видеолар мен мақалалар көп.
Бас шаһардың мэрі Садик Хан қандаламен күресте аянбаймыз деп отыр.
«Жүйелі түрде метролар мен автобустарды тазалап қоймай, Франциядан жолаушы таситын көлік компанияларымен де сөйлесіп жатырмыз. „Лондондықтарға арналған қоғамдық көлік“ мекемесі тазалыққа аса мән беретініне сендіргім келеді. Париждегі әріптестерімізбен мәселенің шешу жолдары туралы ақылдасудамыз. Бірқатар алдын алу шараларына байланысты жағдай Лондонда да ушыға түседі деп ойламаймыз», — дейді Лондон мэрі Садик Хан.
Қандала — ұзақ жасайтын және тұқымы тез көбейетін жәндік. Науқастың қанын сорғаннан кейін сау адамға инфекцияны жұқтыру қабілеті бар. Оны тек лас жерлерде, ескі пәртерлерде мекен етеді деп ойлау қате.
Қымбат үйлердегі көрпе-төсек пен жиһаздардың арасынан да табылып жатады. Қарапайым адамдардың өздігінен зиянкеспен күресуі қиын. Мамандар ғана қандаланың біржола көзін жоя алады.
«Бұл халықтың жиі саяхаттап, оларды үйге алып келулерімен байланысты болуы мүмкін. Тағы бір себеп қазір күнкөріс қиындап, табыс азайды. Бізді шақыруға көпшіліктің қалтасы көтермейді», — дейді дезинфекциялық компанияның директоры Дэвид Лодж.
Франция билігі Париж бен Марсель қалаларындағы жағдайлардың ушыға түскені туралы ақпарат беруді азайтты.
Екі елдің жоғары лауазымды шенеунікті жұмыс жоспарын пысықтау үшін кездесіп те жатыр.
Алжирде қосымша медициналық скринингтің көмегімен жәндікпен бірге саяхаттаушыларды тоқтату үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр.
«Мен қандаланы 20 жылдан бері зерттеп келемін. Парижде бұл саяси проблемаға айналды. Сондықтан ақпарат құралдары тақырыпты дүрліктіріп жатыр. Барлық елдерде жағдай шамалас дер едім», — дейді энтомолог ғалым Ричард Нэйлор.
Қандаланың көбейгені туралы ақпарат бос дақпырт, әсіре айтылған дейтіндер де бар.
Бірақ қансорғыштардың бақылаудан шыққанын олар растайды.
Жағдай 30-40-шы жылдардағыдан күрделі көрінеді.
Өйткені жәндіктердің залалсыздандыратын химиялық препараттарға деген төзімділігі нығайған.