Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қатқан нан, көгерген йогурт": Оқу-ағарту министрі оқушылар тамағының сапасына қатысты пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2023
  • 886

Елімізде бір оқушыға берілетін тегін ыстық тамақтың орташа құны – 579 теңге. Бұл қаржы оның тамақтануына толыққанды жеткілікті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған дейін мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына ең арзан, сапасыз тамақ беріледі деген ақпарат тараған еді. Азық-түлік шығынын зерттеу нәтижесінде мектептердегі тамақтың орташа құны бар-жоғы 579 теңге деген ақпарат шықты. Осы қаншалықты рас? Сондай-ақ бұған дейін жекеменшік мектептерде оқушыларға қатқан нан, көгерген йогурт беріледі деп ата-аналар шу шығарған болатын. Жекеменшік мектептердегі асханаларды бақылауға алына ма? – деп сұрады тілші министрден.

Министр мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына берілетін тамақтың сапасыз екендігі туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Біз егерде салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұған дейін мектептердегі асханаға бөлінетін қаржының көлемі 200 теңгеден аспайтын. Бүгінгі таңда ең жоғарғы бөлініп отырған қаржы Алматы қаласына. Онда ыстық тамаққа 850 теңге, ал Ақмола облысына 700-ден аса теңге бөліп отыр. Бір реттік ыстық тамаққа бөлінген қаржының ең төменгі шегі Қарағанды облысында, онда 480 теңгені құрап отыр. Қалған өңірлерде барлығын қосқанда орта есеппен 579 теңгені құрап отыр”,- деді министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, оқушыны бір реттік ыстық тамақпен қамтуға бұл қаржы әзірге жеткілікті. Алайда, қаржының аздығына қарамастан, мектеп асханалары оқушыларға сапалы тағам беруі тиіс,- дейді Ғани Бейсембаев.

“Жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын барлық мектептерде ыстық тамақ сапалы дайындалып балаларға ұсынылуы керек. Біз көптеген шағымдардың негізінде елімізде зерттеу жүргіздік. Осы іспен айналысып жүрген көптеген кәсіпкерлеріміз өзіне тиісті заңда көрсетілген талаптарды толыққанды орындамайтынын анықтадық. Бұған қатысты тиісті органдарға шара қолдану үшін жолдама бердік”,-деді ол.

Министр кәсіпкерлерден оқушыларға беретін ыстық тамаққа бизнес деп қарамай өте сапалы тамақты ұйымдастыруын сұрады. Талапты күшейту мақсатында денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп заңнамалық акті қабылданғанын жеткізді. Ендігіде кәсіпкерлер мектеп асханасындағы оқушылардың тамағына немқұрайлы қараса жауапкершілікке тартылады. Бұдан былай қадағалау күшейеді деп сендірді оқу-ағарту министрі.