Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа TOGG электромобилін сыйға тартты

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Түркия Президентінің Қазақстанға сапарының мәні зор екенін атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің көпжақты қарым-қатынасын нығайтуға және Түркі әлемін дамытуға тың серпін беретініне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында көтерген маңызды бастамалары мен салмақты ой-пікірлері үшін Режеп Тайып Ердоғанға алғыс айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркия – біздің ежелден еншісі бір, тамырлас туысымыз. Сондай-ақ Қазақстанның ең жақын әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Сіз өзара қарым-қатынасты дамытуға орасан зор үлес қосып келесіз. Мен оны жоғары бағалаймын. Арадағы тұрақты келіссөздердің арқасында бүгінде көптеген келісімдеріміз табысты жүзеге асырылуда.

Режеп Тайып ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Саммитті табысты өткізуіңізбен құттықтаймын. Биыл 6 ақпанда жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясының Нурдагы ауданында мектеп салу туралы шешіміңіз үшін тағы да алғысымды білдіремін. Бұл мектеп түрік-қазақ бауырластығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын символдарының біріне айналады деп сенемін. Жаһандағы және аймақтағы оқиғалар Түркі әлемінің өзара тығыз қарым-қатынаста болуын талап етеді. +Атажұртта маған және менің делегацияма көрсеткен құрметіңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін.

Режеп Тайып Ердоған өзара құрметтің белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда шығарылған TOGG электромобилін сыйға тартты. Жаңа электрокарды Президентке өзі таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанға алғыс айтып, әріптесін электромобиль өндірісін табысты іске қосуымен құттықтады. Одан соң, Мемлекет басшысы елімізге жұмыс сапары аяқталған Түркия Президентін әуежайдан құрметпен шығарып салды.