Русский Сайттың толық нұсқасы

Израиль СІМ өкілі Қазақстанның Палестина халқына 1 млн доллар көмек жіберуіне пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2023
  • 798

Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Астанадағы бирифингіде Қазақстанның Палестина халқына 1 млн доллар көмек жіберуі туралы пікір білдірді.

«Израиль палестиндіктерге көмек көрсетілуіне қарсы емес. Бұл брифингіден мына маңызды мәліметті алып шыққандарыңыз маңызды. Изариль ХАМАС-пен соғысып жатыр, палестиндіктермен соғысып жатқан жоқ. Израильдің айтып отырғаны жалғыз нәрсе. Көмек палестиндіктерге жету керек. ХАМАС-қа, терроризмге бағытталмауы керек. Көмек палестиндіктердің өмірін құруға, ауруханаларға, мектептерге, балабақшаларға, экономикаға жұмсалу керек», - деді Израиль өкілі.

Оның сөзінше, бұған дейін палестиндіктерге жолданған халықаралық гуманитарлық көмек діттеген жерге жетпей келген.

«Өкінішке қарай, кейінгі ондаған жылда палестиндіктер БҰҰ сияқты түрлі ұйымдардан кез келген өзге халықтан артық көмек алды. Бірақ ол көмек қайда? Ол көмек сумен қамтамасыз ету жүйесін құрып, индустрияны, экономиканы дамытудың орнына, ауруханалар мен мектептер салудың орнына ХАМАС тюннельдеріне, жер астына жұмсалды.

Сондықтан біз палестиндіктерге көмек көрсетуге ешқандай қарсы емеспіз. Бірақ ол көмек Газаның оңтүстігіндегі палестиндіктерге бағытталуы керек. Өйткені солтүстігіне бағытталған көмек ХАМАС-тың олжасына айналып жатыр. Тіпті БҰҰ алғашқы лекпен жөнелткен көмектің бір бөлігі шабуылға ұшырағанын мойындады», - деді Симона Гальперин.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында қазір Қазақстанның 76 азаматы бар.

«Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстан Республикасының 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен қоса есептегенде олардың саны – 161. Сонымен қатар шетелдік азаматтардың шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі талаптар бар. Олардың үштен бірі эвакуациялауға келмейді. Олар кәмелетке толғандар, ерлі-зайыптылар», - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Еске салсақ, Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілген еді.