Қазақстандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуінің жылдық асын беріп, желіде әсерлі жазба жариялады.
Ләйлә Сұлтанқызы Instagram парақшасында астың видеосын жариялап, оның астында жантебірентерлік жазба қалдырған. Тележүргізуші қысқа ғұмырда сыйласып, барды бағалауға шақырды.
"Уақыт, не деген жүйрік едің ағын судай. Бүтін жүректің екіге айрылғанына, қабырғамның қайысып, асқар таудың шағылғанына да бір жыл болды. Жүректегі сезімді, кеудедегі қобалжуды жеткізу мүмкін емес. Менің жай-күйімді тағдырластарым ғана түсінер. Қайрекеңнің жылдық асын бүгін беру бұйырыпты. Алыс-жақыннан жиналған ағайын-туыс, құрбы-құрдас, әріптестеріміздің қолдауына, көңілдеріне алғыс айтамын. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізбен сыйласып қана өтуді жазсын. Барымызды, бақытымызды бағалайық", - деп жазды ол.
Оған қоса, журналистің анасы қызына батасын беріп, бір жыл бойы таққан қара жаулығын шешті.
"Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүріміз. Өзімнің басымнан да бұл дәстүр өтті. Жолдасым қайтқанда әулеттің үлкендері де қара жаулығымды шешіп, ақ орамал салған. Ендігі өмірі ақ болсын, бағы ашылсын, балаларының қызығын көрсін" деген ниетпен жасалатын жоралғы. Бір жылдық астан кейін жасалатын дәстүр. Алдағы уақытта той-томалақтарға барсын, көңілі ағарсын деген ниетте жасалады", – деп түсіндірді анасы.