Астана халықаралық әуежайы инвестор Terminals Holding компаниясымен бірлескен жұмысты бастады. Бұл жөнінде 2023 жылғы 8 қараша күні Zakon.kz cайтына Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.
Әуежайдың баспасөз қызметі таратқан хабарламада "негізгі мақсат Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту, инвестиция құю арқылы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жасау, жүк терминалың қуаттылығын және жолаушылар ағынын арттыру" екені айтылған.
"Бұл Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағында сағатына 20 ұшу және қону операциясын орындауға мүмкіндік береді. Ал жүк терминалының аумағы 3,3 мың шаршы метр болады. Астана халықаралық әуежайы жылына 11 мың тонна жүкті қабылдау және жөнелту жұмысын жүргізіп келеді", деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі
Айта кету керек, ортақ келісім әзірге 1 жылға қарастырылған.
"Бір жыл көлемінде инвестор Астана әуежайының әлеуетін зерделеп, мүмкіндіктерін қарастырады. Содан кейін нақты инвестиция көлемі мен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу мәселесі қарастырылады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі