Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенатор Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салған азаматтардың жанайқайын жеткізді

  • AstanaTV
  • 09 қараша 2023
  • 781

Бүгінде 453 қазақстандық Amanat Home кооперативіне 1 млрд теңге салып, ақшасын қайтара алмаған. Бұл туралы Сенат депутаты Геннадий Шиповских айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жолданды. Сенатордың айтуынша, қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны азаяр емес.

Бас прокуратураның дерегінше «Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша 2021 жылы – 233, 2022 жылы – 104, ал биыл 9 айда 89 іс сотқа жіберілген. Аталған статистикаға қарасақ, жылдан-жылға қаржы пирамидасының құрбандары азайып келе жатқан секілді көрінуі мүмкін. Ал содан жапа шеккендердің тізіміне қарайтын болсақ, керісінше статистиканы байқаймыз: 2021 жылы жәбірленушілер саны – 1259, 2022 жылы – 892, ал биыл 9 айда жәбірленушілер саны – 2079 адам. Бұл статистикада тек сот жәбірленуші деп таныған адамдардың тізімі көрсетілген, - деді сенатор.

Геннадий Шиповских жақында Amanat Home, Amanat Halyq кооперативтерінің 42 салымшысынан шағым түскенін айтты.

«Онда кооперативтерге ақша салып, не баспанасын ала алмай, не салған ақшасын қайтара алмай отырғандардың жанайқайы жеткізілген. Бұл қаншама отбасының берекесі қашып, қаншама баланың психологиясы бұзылып жатыр деген сөз.
«Борышкерлердің бірыңғай тізілімінің» деректері мен салымшылардың ақпаратынша, Amanat Home кооперативін сотқа беріп, шешім шығып, ол орындалмай, ақшасын кері қайтара алмағандар саны 453 адам. Жалпы келтірілген залал – 1 млрд 200 млн теңге.
Аталған кооперативтердің қаржы пирамидасына жататынын, не жатпайтын құзырлы органдар анықтай жатар. Біз ешкімді айыптамаймыз. Десек те салымшылардың өз ақшасын ала алмай жүргенін, жұмысын тастап, айлап-жылдап прокуратура мен сот ғимараттарының табалдырығын тоздырып жүргені көз жұма қарайтын жеңіл мәселе емес», - деді депутат.

Депутат Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасынан көмек сұрады.

Құрметті Жанат Қалдыбекұлы, қаржы пирамидаларының алдын алуға бағытталған қажет тетіктердің бәрі бар, сондай-ақ Парламент тарапынан заңнама күшейтілді және қолдаулар көрсетіліп жатыр. Десе де, қаржылық пирамида ұйымдарынан зардап шеккендердің саны азаяр емес. Не себепті осы күнге дейін қаржылық пирамида ұйымдарын жеңе алмай келеміз?, - деді Геннадий Шиповских.