Русский Сайттың толық нұсқасы

Бос жатқан жерлерден бюджетке қомақты қаржы түсті

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2016
  • 3410

Ел аумағында бос жатқан жерді жалға беру арқылы бюджет қомақты пайда тауып отыр. Мәселен, Павлодар облысында аукцион арқылы жер телімдерін сату үрдісі қарқын алған. Облыста өткізілген 8 аукционның арқасында 102 жер телімі жекешелендірілген. Ал, Шымкентте жер телімдерін конкурсқа шығару арқылы бюджетке түскен қаржы былтырғыдан 10 пайызға артқан. Мұндай деректерді жергілікті билік өкілдері арнамызға айтты.

Оңтүстік Қазақстан облысы орталығының бюджетіне өткен жылы 792 млн теңге құйылса, осы жылы 1 миллиард 58 миллион теңгеге кіріс кірген. Ал Павлодар облысын қазынасына 49 млн теңге құйылыпты. Айта кетері, өткен жылғы көрсеткіш бұл аймақта 35 млн теңгені құраған болатын. Жерді жалға беру арқылы Қарағанды облысы үстіміздегі жылы 1 млрд 750 мың теңге пайда көрген. Оның 11 млн теңгеден астамы ауыл шаруашылығы жерлерін саудалаудан түскен. Сатылымға түскен телімдердің басым бөлігі қалаларда орналасқан. Жекенің қолына өткен жер телімдері негізінен тұрғын үйлер құрылысына берілген.

Жергілікті шенеуніктердің ақпарынша, Шымкент қаласында 2004-ші жылдан бері 83 мың адам жер алуға құжат тапсырған. Ал Қарағанды облысында 15 мың адам жердің арнайы кезегінде тұр. Павлодар облысында кезекте тұрғандар жоқ. Дегенмен, аталған елді мекендерде бос жатқан жерлер көп.

Мәселен, 2014 жылы өткізілген инвентаризация кезінде Шымкентте 3,5 мың гектар аумақ бос жатқаны белгілі болған. 700 гектар тұрғын үй құрылысы үшін жарамды жер бар. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша сол жерлерге инфрақұрылым тартуға қажетті қаржы көзі қазір есептеліп жатыр екен. Тек Павлодар өңірінде осындай 1 млн 600 мың гектар жер телімінің бары анықталды. Оның 330 мыңы мемлекетке қайтарылып, қалған 80 пайызы мақсатты пайдаланылып жатыр. Түгендеу науқанында Қарағанды облысында да бос жатқан жерлер әшкереленді, ол  - 1 млн 835 мың гектардан астам аумақ. Оның 290 мың гектары мемлекетке қайтарылып, 140 мыңы азаматтарға қайта пайдалануға берілді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ