Русский Сайттың толық нұсқасы

Адвокатураны қалай күшті және тәуелсіз етуге болады?

Елімізде адвокаттар туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілмек. Қорғаушының құқығы қорғалып, мәртебесі нақтыланбақ. Нақты қандай тетіктері өзгереді? Ақбота Базарбай айтады.

Адвокаттардың проблемасы жаңа ғана көтеріліп отырған жоқ. Талай мінберде айтылды. Мысалы адвокат айналысқан істе бәрі құпия болуы шарт. Тиісті норма бар. Сондықтан олардың жүріп-тұруына, ақпарат пен дәлел жинауына ешқандай кедергі болмауы қажет. Адвокаттың өзінің жұмыс істеу тәсілі мен күдіктіні қорғау тәртібі бар.

Айдын БИКЕБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Заң бойынша адвокат қылмыстық істің материалдарымен танысуға құқысы бар. Танысуға деп жазылып тұр процессуалдық кодексте, бірақ ол оның копиясын жасап ала алмайды. Сонда кейбір қылмыстық істерде 100-ден астам том құжаттар бар. Оның бәрін фотоаппарат сияқты түсіріп ала алмайды ғой көзбен, оны жаттап ала алмайды бәрін. Осындай кедергілер бар.
Бүгінде Қазақстандағы адвокатура республикалық және аумақтық алқалардан құралған. Адвокаттардың жалпы саны 6 мыңнан асады. Олар республикалық орталыққа бағынады. Яғни, бірыңғай құрылған жүйе қалыптасқан. Қазір Конституциялық сот, Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі бас құжатпен реттеледі. Олар туралы Конституциялық заң бар. Бізді де заң құқықтық тұрғыда қорғаса дейді адвокаттар.

Тілеужан КІШКЕНЕБАЕВ, АДВОКАТ:
Прокурордың ықпалы мықты болғаннан кейін соттар соның ығынан шыға алмай прокурордың әкелген айыптауына қарай шешім қабылдай береді. Яғни үкімді соған қарай шығара береді. Сондықтан адвокаттардың да мәртебесін сондай дәрежеде болу керек. Яғни, біздің де айтылған сөздердің соттарда мән беру керек.
Заң үстемдігі мен әділ төрелік. Сот жүйесіндегі негізгі қағида осы. Құқық қорғау институттарын күшейту сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға жол ашады. Азаматтардың құқықтық санасын артыру да дәл қазір өзекті. Бұл ретте адвокаттың көтерген жүгі жеңіл емес. Сондықтан құқық қорғаушылар процессуалдық-кодекстерге өзгеріс енгізуді сұрайды. Заң жобасы мақұлданса азаматтардың құқығын қорғау үрдісі тағы бір жаңа деңгейге көтерілмек.

Айдын БИКЕБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мәжілісте екі жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Біреуі адвокаттардың жұмысын реттейтін заңға өзгерістер қарап жатыр, екінші топ ол жаңағы қылмыстық кодекспен қылмыстық процессуалдық кодекстерге өзгерістер дайындап жатыр.
Қазақстандағы «Адвокаттық қызмет туралы» тұңғыш Заң 1997 жылы қабылданған. Заңда қаралған жағдайларда құқықтық көмек тегін көрсетілуде. Жыл сайын мұндай тегін көмекті елімізде 150 мыңға жуық адам алады. Бүгінде Қазақстан адвокаттар алқасы Халықаралық адвокаттар алқасына мүше. Алдағы уақытта Азия адвокаттар алқасына кірмек.