Бүгін – ұлттық валюта күні. Төл теңгеге биыл- 30 жыл. 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валюта-теңге айналымға енгізілген.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі.
20 000 теңгелік Қазақстан банкнотасы ең жақсы қорғалған банкнота болып саналады. Бұл валюта негізі 2022 жылғы 1 қазанда айналымға шыққан. Банкнотаның 25 қорғаныш элементі бар.
Халықаралық банкнота қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноталарын әлем бойынша үздік деп таныды, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Қазақстан 3 жыл қатарынан марапат алды. 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында бір елдің үш рет марапат алуы бұрын-соңды болмаған. Жалпы, Қазақстан банкноталары әлем бойынша қорғалу жағынан әрі әдемілік сипатынан халықаралық аренадағы 10-нан астам марапатқа ие болды.
Ұлттық валюта банкноталары ерекше шықырлайтын арнайы қағазға басылған. Егер банкнотаны саусағыңызбен сипап көрсеңіз, рельефті сезіне аласыз. Бұл – арнайы баспа техникасы.