Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық оқушы 80 елдің валютасын жинаған

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2023
  • 660

Атыраулық оқушы Артем Кеорков әр елдің ақшасын жинап жүр. Қазір оның жеке қорында Қазақстанның ұлттық валютасы саналатын теңгемен бірге 80 мемлекеттің ақшасы бар, деп хабарлайды Kazinform.

Оның әкесі Сергей де әр елдің ақшасын жинайды. Ол бұл іске ұлының қызығушылығын оятқан. Қазір Артем Кеорков Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінде оқиды.

Оқушының қорында 1993 жылы қолданысқа енгізілген теңгенің алғашқы нұсқалары бар. Мерейтойлық даталарға байланысты шығарылған монеталар да сақталған.

«Менің қолыма тиген алғашқы банкнот – 30 жыл бұрын шығарылған 100 теңге. Бұл банкнотта қазақ ханы – Абылайдың портреті бейнеленген. Оны әкем туған күніме сыйлаған еді. Сол себептен, оны ең қымбат банкнот деп есептеймін. Содан бері әр елдің ақшасын жинай бастадым. Қазақтың ұлы тұлғалалары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Сүйінбай Аронұлы, Әбілқайыр хан бейнеленген теңгелер, Еуропа, Африка, Оңтүстік Африка, оның ішінде Тринидад және Тобаго, Эритерия, Джибути секілді 80 мемлекеттің банкнотын жинадым», - дейді Артем Кеорков.

Артем бос уақытын текке өткізбей, өзі жинаған ақшаларды зерттеуге арнайды. Сөйтіп, әр елдің тарихы мен мәдениеті, тіпті табиғаты туралы ақпаратты іздейді.

«Бәрінен еліміздің ұлттық валютасы – теңгенің жөні бөлек. Теңгенің дизайнын ұнатамын. Әкем екеуміз шағын көрме ұйымдастырып, қатысушыларға теңгенің тарихы, құндылығы туралы әңгімелейміз. Еліміздің әр өңірінде монета алмасатын достарым бар», - дейді Кеорков.