ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық реформалардан кейінгі сайлауда президент болып сайланғанына бір жыл толуына орай мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі Конституциялық реформалардан кейінгі Президент сайлауында мемлекет басшысы болып сайланып, жеңіске жеткеніне бір жыл толды.
Депутат бір жыл өткеннен кейін Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының көптеген аспектілері шұғыл түрде іс жүзіне асырылып жатқанын атап өтті.
"Халықаралық турбуленттілікке байланысты, басқа көптеген елдерде экономикалық өсім баяулап, әлеуметтік деңгейі төмендеп отыр. Қазақстанда, керісінше көптеген әлеуметтік бағдарламалар іс-жүзіне асып жатыр. Экономикалық конъюктураның нашарлауына қарамастан, біздің елдің ІЖӨ-де әжептәуір өсім байқалуда", – деп жазды Ерлан Саиров Facebook желісіндегі парақшасында.
Депутаттың пікірінше, сол өсімнің басым көпшілігі жеке адамдардың құлқынына кетпей, халықтың адам капиталын арттыруға бағытталып жатыр.
"2022 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Осылайша, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды", - деп жазды Ерлан Саиров.
Сондай-ақ ол жақында ғана мемлекет басшысының "Ұлттық қор – балаларға" жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойылғанын еске салып өтті. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.
"2024 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысы өседі", - Ерлан Саиров.
Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомаға төлем алды.