Русский Сайттың толық нұсқасы

30 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2016
  • 2585

30 мыңға жуық адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Ал колониядан 1800 жазасын өтеуші бостандыққа шығуы ықтимал. Бұл туралы Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель айтты. Рақымшылық президенттің бастамасымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланғалы отыр. Заң жобасы Парламенттің қарауында. Дегенмен, Иоган Меркель, бостандыққа шығатын жазасын өтеушілер санын нақты айту мүмкін емес, деді. Өйткені темір торда отырғандар саны 36 мың адам. Ал шартты түрде сотталғандар әлдеқайда көп көрінеді.

Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

Бұған дейінгі Қылмыстық кодексте ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қатысты рақымшылық қолдану мүмкін болмады. 2014 жылы күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекс мұндайға жол береді. Бірақ бұл ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлер біржола босайды деген сөз емес. Сот белгілеген жаза мерзімі қысқарады. Олар түрмеде қалады, бірақ жазасын өтеу мерзімі азаяды.

Яғни рақымшылық заңы аясында 5 мың сотталушының жазасы жеңілдеп, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Сонымен қатар өндіріске алынған және сотта қаралып жатқан істер де тоқтатылады. Алайда лаңкестік жасағандар, бейбіт жиындар мен митинг ұйымдастырғандар, сондай-ақ, ұлтаралық араздық тудырғандар, педофилдер мен адам өліміне алып келген көлік апатына кінәлілер рақымшылыққа ілікпейді. Бас прокурор орынбасары тіпті жалған ақпарат таратқандар да босатылмауы мүмкін деп отыр. Заң жобасы жарты жыл ішінде қаралуы тиіс. Бұл - бірінші рақымшылық акциясы емес. Сотталушылар үшін бұған дейін бірнеше рет рақымшылық жарияланған еді. Әр акция сайын заңды аттап басқан 3 мыңнан 17 мыңға дейінгі адамның жазасы кешірілген. Ал бұл жолғы рақымшылық ең ауқымды болмақ, - деді Иоган Меркель. Ал депутаттар, тәуелсіздіктің 25 жылдығында жасалып отырған рақымшылық - гуманизмнің көрінісі, деген пікірде.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Біздің тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тоғыз рет осындай рақымшылық жасалған болатын. Ауыр қылмыстар емес, аса ауыр емес қылмыстарға немесе жасөсіпірімдерге, жүкті әйелдерге, т.б. сондай бір қоғамдық онша қауіптілігі жоқ қылмыстарға бақытталуы мүмкін, деп ойлаймын.