Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында түрмеде отырғандар діни онлайн дәрістерге қатыса бастады

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2016
  • 3009

Қарағанды облысында түрмеде отырғандар діни онлайн дәрістерге қатыса бастады. Аймақ прокуратурасы темір торға тоғытылғандардың имамдар мен теологтармен онлайн жүйесінде жүздесіп, кеңес алуына мүмкіндік жасайтын жаңа жобаны іске қосты. Қадағалаушы орган осылайша экстремизм мен терроризмнің алдын алмақшы. Өйткені әлемдік тәжірибе радикалды идеялардың таралу қаупі дәл осы абақтыларда жоғары екенін көрсеткен. Ал, Қарағанды облысында биыл террорға қатысты қылмыспен 15 адам сотталған.

Діни онлайн дәріске бірінші болып Долинка кентіндегі қатаң ережедегі түрмеде жазасын өтеп жатқандар қатысты. Сабақ түзету мекемесінің отырыс залында өтті. Алғашқы дәрісті облыстың бас имамы Өмірзақ Бекқожа оқыды. Ал, қатысушылар алдын-ала жүргізілген сауалнама нәтижесінде таңдалып алынған. Сотталғандар бостандықта аса ауыр қылмыс жасағанмен, темір торда рухани тазарғысы келетіндерін аңғартты.

«Сізге бір сұрақ қояйын деп едім. Иман дегеніміз не?»  «Иман дегеніміз - Алла Тағалаға жүрекпен сену, тіліменен оны шығарып айту».

Олжас Өмірбеков жан дүниесін реттегісі келеді. 23 жастағы жігіт адам өлтіріп, 11 жылға сотталыпты. Алда, әлі өтелмеген 9 жылы бар. Сондықтан дін негіздерін терең түсінуге бет бұрмақ.

Олжас Өмірбеков, Қарағанды облысының АК 159/7 түзету мекемесінде жазасын өтеуші:

Осындай бағдарламалар арқылы интернет желісі арқылы білімді адамдармен тілдесіп, бостандыққа шыққасын, ең біріншіден, басқа ағымдарға түспеудің жолдары, тәубеге келу өз кінәмізді мойындап, осындай жерде отырып.

Өмірзақ Бекқожа, Қарағанды облысының бас имамы:

Дін дегеніміз - тек қана дінсіздермен күресу, қолға қару алу немесе оларды кәпірге шығару деп жүрген бауырларымызға дін деген - ол бауырмалдылық, бейбітшілік, кәдімгі адамның бойындағы тұнып тұрған тазалық екенін біз осы түрлі тақырыптағы насихаттар арқылы жеткізуді негізгі жолға қойып отырмыз.

Онлайн сабақтар адам баласының рухани құндылықтарын насихаттап, дәстүрлі емес діни ағымдардың қауіпті екенін ескертеді. Сотталғандардың санасына жету үшін дәрістерді имамдармен бірге теолог, дін танушылар да оқиды.

Нұркен Жанахметов, Қарағанды облысы прокурорының орынбасары:

Әрбір түзету мекемеде экстремизммен сотталған адамдар бар. Жалпы сотталғандардың арасында басқа ағымға түскен кісілер болуы мүмкін. Сол біздің насихатымыз дұрыс жолға соларға қою. Экстремизмнің алдын ала жұмыс жасау.

Айжан Қуаш, тілші:

Әлемдік тәжірибе радикалды идеялардың таралу қаупі түзету мекемелерінде жоғары екенін көрсеткен. Сондықтан прокурорлар онлайн сабақтарды енді барлық абақтыларда өткізуді жоспарлап отыр. Видеоконференцияға облыстың қалған 10 түзету мекемесі бір мезетте қосыла алады.

Айжан ҚУАШ