Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да 150-ден астам елдімекен үш тәуліктен бері жарықсыз отыр

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2023
  • 961

Солтүстік Қазақстан облысында 150-ден астам елдімекен ауа райының қолайсыздығына байланысты үш тәуліктен бері жарықсыз отыр.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Тимирязев және Шал ақын аудандарына қарасты ауылдар 18 қарашадан бері жарықсыз отыр.

«Кей ауылда әлі толығымен жарық жоқ. Бүгін аталған жайтқа қатысты «Солтүстік Қазақстан электржелісін тарату компаниясы» АҚ әлеуметтік желі арқылы түсініктеме берді. Жазбаға сүйенсек, желілер мен бағаналар қатқан мұз бен желден үзілген, құлаған. Ең түйткілді мәселе Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелді. Мұнда бағанға айтарлықтай зақым келген. Қазір арнайы бригадалар тиісті жұмыс жүргізіп жатыр», - деп жазады өңірлік MTRK.SKO Инстаграм паблигі.

Ал «Петропавловск news» 18 басылымының жазуынша, 18 қарашада облыста 11 ауданда электр жарығы үзілген. 217 елдімекен немесе 33 мың абонент жарықсыз қалған.

«Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 20 қарашада таңертең 10 аудан жарықсыз отырды, бұл 150 елдімекен немесе 21 мыңнан астам абонент», - деді ТЖ алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Сәкен Ағзамов.

Республикалық жолдардың тоғыз учаскесі, аудандық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Тимирязевский және Мағжан Жұмабаев аудандарында мал іздеуге шыққан үш жігітке іздеу салынды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты олар бағдарсыз қалған, қуанышқа орай, олар жақын маңдағы елді мекендерге жетіп үлгергені белгілі болды.

Сондай-ақ өңірде қарлы боран кезінде 20-дан астам көлік жол шетіне шығып кеткен ұшып кеткен. Жол бойында қалған 60-тан астам адам қарлы дауылдан құтқарылды.