Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ халқының Байденнен көңілі қалып, Трампқа ауды

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2023
  • 1202

Американың Колорадо штатының соты 2021 жылдың қаңтарындағы қырғынға, яғни Капитолийге шабуылға қатысы барлығына қарамастан, Дональд Трамптың президент сайлауына қатыса алатыны туралы шешім мен қаулы шығарды. Бұл туралы Inbusiness.kz жазды. 

Судья өз үкімінде Трамптың жақтастарын бүлікке, яғни Вашингтондағы ел Парламенті орналасқан ғимаратты басып алуға арандатқанын растады.

Сонымен бірге Associated Press хабарлауынша, сот өз шешімінде айыпталушының 2024 жылғы президент сайлауында кандидат болуға құқылы екенін жеке атап көрсетті.

Бұдан бұрын ұқсас шешімді Миннесота, Мичиган соттары да шығарған.

Штаттарда Трампты дисквалификациялау туралы істер АҚШ Конституциясының 14-ші түзетуіне сәйкес қаралуда. Онда елге қарсы көтерілістерге, бүліктерге қатысқан адамның мемлекеттік қызметке тұруына тыйым салынған. Ал Трамп бірнеше адамның, соның ішінде полицейлердің қазасына соқтырған "америкалық қанды қаңтарды" ұйымдастырған, төңкеріс жасауға талаптанған тұлға болып табылады.

Алайда бір жағынан, Құрама Штаттарда экс-президенттердің мәртебесі, артықшылықтары, иммунитеті бар.

Екінші жағынан Америка тарихында бұрынғы президентке сайлауға қайта түсуіне ешқашан тыйым салынбапты. Құрама Штаттарда прецеденттік құқық қолданылатыны мәлім. Содан соттар экс-президентке бір рет тыйым салынса, бұл нормаға айналып кетіп, демократияға нұқсан келтіреді деп тартынады.

Талапарыздардың иелері, бас прокурорлар керісінше, Трамптың кандидат ретінде тіркелуіне тыйым салуды талап етуде.

Барлық штаттар Трамптың үміткер ретінде тіркелуіне рұқсат етсе, қазіргі АҚШ Президент Джо Байденге тықыр таянады. Өйткені соңғы сауалнамалар мен зерттеулер көрсеткендей, егер президенттік сайлау дәл қазір өткізілсе, онда Дональд Трамп жеңеді. Ол шешуші 6 штаттың 5-еуінде іс басындағы америкалық лидерді шаң қаптырып кетті.

The New York Times пен Siena College жүргізген беделді сауалнамаларының қорытындылары осыны көрсетті.

Сайлаушыларды не қанағаттандырмайды?

Біріншіден, Джо Байден тым кәрі. Іс басындағы 46-шы Президент кеше, 20 қарашада 81-ге толды. Егер келесі 2024 жылғы қарашада өтетін сайлауда жеңіске жетсе, тағы төрт жыл ел билеуге күш-қуаты жетпеуі мүмкін. Қазірдің өзінде сөз сөйлеу үстінде не айтқысы келгенін ұмытып қалу, баяндамада жаңылу, журналистердің сұрақтарына толыққанды жауап бере алмай, қысқа фразалармен шектелу, ұшақтың трапынан сүріну, велосипедтен құлау сияқты жайттар тіркелді. Бұл сауалнамаға қатысқан америкалықтардың үштен екісін алаңдатады.

Трамп оған қарағанда шамалы тың және жастау (77-де).

Екіншіден, елдегі ахуалға, қалыптасқан саяси дағдарыстан, өмір сапасының төмендеуінен, инфляцияның белең алуынан сайлаушылардың көңілі қала бастапты.

Салдарынан, егер Президент сайлауы келесі жылғы емес, биылғы 5 қарашада өткенде, экс-президент Дональд Трамп таңдаушылардың (Америкада ақырғы сөз қарапайым сайлаушыларда емес, солардың атынан таңдау жасайтын таңдаушыларда) 300-інің дауысын иеленеді. Ал елдің лидері атануы үшін 270 дауыс та жеткілікті.

The New York Times/Siena College зерттеуі паш еткендей, Дональд Трамп шешуші штаттардың алтауының бесеуінде – Невада, Джорджия, Аризона, Мичиган, Пенсильванияда Джо Байденнен 4-11 пайыз артық дауыс жинады. Трамп тек Висконсин штатында ғана Байденмен тең үзеңгі қағыстыра алмай, тезек теріп қалды.

Еске сала кетсек, сол штаттардың бәрінде 2020 жылы Байден бұрынғы президентті артқа тастап, озып кеткен еді. Енді сайлаушылардың көңіл-күйі 180 градусқа өзгеріп сала берді.

Зерттеу барысында америкалықтардан не үшін бұрынғы президентке дауыс беретіндері сұралған. Нәтижесінде6 олардың көбісінің мұны Джо Байденге "қасақана" жасайтыны әшкереленді. Олар Трампты ұнатпайтынын жеткізген. Яғни, штаттардың тұрғындары басты бақталасын қолдау арқылы қазіргі президентті қамшылап отыр. Оның халық наразылығын туғызған саясатын өзертуі керектігін жұрт осылай білдірген.

Себебі, сайлаушылардың абсолютті көпшілігі өмір сапасының нашарлағанын хабарлады. Тағы 60 пайызы Американың дұрыс бағытта жылжып келе жатқанына күмәнданады. Бұған саяси дағдарыстар, ел бюджетінің уақытылы қабылданбай, "шатдаундар" қаупінің бірнеше рет төнуі және басқасы кері әсер етіпті.

Израильдік беделді "Haaretz" басылымы тағы бір себепті атады. Израильді шәксіз, бірбеткей қолдағаны үшін Байден президенттік креслосынан айрылып қалуы мүмкін. Өйткені 2020 жылғы сайлауда халықтың үлкен бөлігін құрайтын Американың мұсылман жамағаты мұсылман атаулыны жек көретін Трампқа қарсылығы ретінде оның қарсыласын, яғни Байденді қолдаған еді. Енді Байденнің өзі Израильдің Газа секторында он мыңнан астам бейбіт тұрғынды қырып салуын құптағандай болып отыр.

Америкадағы доданы арқасы қоза бақылап, Байденге жанкүйер болып отырған адамдарға түңілуге ерте. Американист, тарих ғылымдарының кандидаты Александра Филиппенко қызықты бір "тарихи заңдылыққа" назар аудартты.

"Ең алдымен бұрынғы науқандар барысында бір жыл бұрын жүргізілген сауалнамалардан не нәтиже шыққанына үңілуге кеңес беремін. Дональд Трамп жеңген сайлаудан 1 жыл бұрын NBC News/Wall Street Journal жариялаған сауалнама Хилари Клинтонның сенімді түрде алға озғанын көрсеткен еді. Барак Обама президент болып сайланардан бір жыл бұрын Gallupтың барлық сауалнамаларында Нью-Йорктың бұрынғы мэрі Руди Джулиани алдына қара салмай келе жатты. Басқа бір сауалнама, CNN/Opinion Research зерттеуі сайлаушылардың сүйіспеншілігіне сенатор Хиллари Клинтонның ие екенін анықтаған. Тиісінше, екеуінде де Обама ауызға алынбады", – деді Александра Филиппенко.

Оның айтуынша, сайлауға бір жыл қалғанда қоғамдық пікірді зерттеу сонау 1944 жылдан бері жүргізіліп келеді. Олардың қорытындылары сайлаудың шын қорытындыларынан шамамен 10,6 пайызға өзгешеленеді. Бүгінде Дональд Трамп Байденнен тек осыншаға ғана ілгері кетті. Кейбір штаттарда одан әлдеқайда аз.

Ендеше Американың іс басындағы президенті қалған бір жыл ішінде саясатын түзеп, елдегі ахуалды жақсартып, сайлаушылардың бойына болашаққа деген сенім құя алса, сондай-ақ сыртқы саясатта, әсіресе, Украина мен Палестинаға қатысты ізгілікті, ірі жетістіктерге жете алса, онда тағы жеңіске жетуге мүмкіндігі болады. Мысалы, Байден Таяу Шығыстағы қақтығыстың басты шешімі – тәуелсіз Палестина мемлекетін құру деп санайтынын мәлімдеді. Бұл мұсылман америкалықтарды өз жағына шығару талабы болуы мүмкін.

Джо Байден шау тартты деп, Демократиялық партия алдағы праймеризінде оны жастау кандидатқа ауыстыра алады. Оған уақыт та бар, техникалық мүмкіндіктер де жеткілікті. Бірақ сарапшы партияның оған баратынына күмәнданады. Трампты "Американың болашағы мен демократияға төнген ұлы қауіп" деп санайтын сайлаушылардың көбі оның бәсекелесі ретінде бұрын Трампты жеңген тұлғаны көргісі келеді. Олай болса, 2024 жылы америкалықтар және әлем жұртшылығы азулы қос бақталастың жаңа тайталасына, матч-реваншына куә болуы ғажап емес.

Демократиялық партия өзінің бірыңғай кандидатын төл Конвенция жиынында, яғни келесі 2024 жылғы 22 тамызда ғана ресми ұсынады. Оған дейін барлық кандидаттың сайлауалды аламанда шауып, бағы мен бабын сынауына өріс ашық.