Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал темір жол депосында әкелі-балалы машинистер еңбек етеді

Оралдағы темір жол депосында әкелі-балалы машинистер еңбек етеді. Сергей Ивлев бұл салада 36 жыл қызмет етсе, ұлы да әке жолын қуған. Бүгінде екеуі де өз ұжымының мақтанышына айналған. Тілшіміздің материалында толығырақ.

Машинистің жұмыс күні дәрігердің тексеруінен басталады. Осыдан кейін ғана сапарға шығуға рұқсат беріледі. Өйткені аса бағалы тауар таситын пойызды жүргізу -жауапкершілікке толы іс.

Сергей ИВЛЕВ, ТЕПЛОВОЗ МАШИНИСІ:

Ең бастысы - тепловоздың құрылымын жетік біліп, ұдайы үйренуден, шеберлігіңді шыңдаудан жалықпау керек. Өйткені жолда түрлі жағдай болады. Қар қалың жауса да, жолды су шайса да қауіпті. Сол кезде техниканы істен шығармай, жүкті жолдан қалдырмай, діттеген жерге уақытында жетуіміз керек.

Сергей Ивлев мамандық таңдарда әкесінің кеңесіне құлақ асқанын айтады. Өйткені соғыстан кейінгі ауыр кезеңде де бұл саланың қызметі тұрақты болатын. Майталман маманды әріптестері де құрметтейді.

Мақсұт ДОСНИЯЗОВ, МАШИНИСТ-ИНСТРУКТОР:

Сергей Валентиныч Ивлев көптен бері жұмыс істеп жатыр. Өзі сабырлы жігіт. Жұмысын жақсы біледі.

Бүгінде Ивлевтер отбасын машинистер әулеті деуге болады. Қазір Сергейдің ұлы Денис тепловоз машинисінің көмекшісі. Жүк пойызын тізгіндеген жігіт әр сапарының қызыққа толы екенін айтады.

Денис ИВЛЕВ, ТЕПЛОВОЗ МАШИНИСІНІҢ КӨМЕКШІСІ:

Арманым - бірінші санатты машинист болу, "Тальго" секілді жолаушылар пойызын жүргізу. Болашақта әкемнен де асып түсіп, бұл іс қолымнан келетінін дәлелдегім келеді. Әкем – менің мақтанышым.

Тепловоздың тілін табу кез келгеннің қолынан келмейді. Бұл іске қара күштен гөрі, төзімділік пен сабыр қажет. Бір қызығы, осы саланы таңдағандардың 25% қиындыққа шыдамай, кетіп қалады екен.