Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда жеті айлық сәби токқа түсіп ажал құшты

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2016
  • 3063

Ақтауда жеті айлық сәби ток соғып бақилық болды. Оқыс жағдай қалта телефонын қуаттандыратын құрылғының кесірінен болған. Бұл ақпаратты бүгін әлеуметтік желілер жылдам іліп әкетті. Дыбыстық жазба таратылып, онда белгісіз әйел адамның баласын жанына алып ұйықтап кеткені айтылады. Ал қасында ұялы телефоны ток көзіне қосулы болған. Жазбадағы сөзге сенсек, ұйқыдан тұрған келіншек сәбиінің қозғалыссыз жатқан денесін тауып алады. Бүлдіршіннің қолында қуаттау қондырғысының баусымы болған. Бұл ақпаратты облыстық ІІД өкілдері де растады.

Нәубет Ардақхан, Маңғыстау облыстық ІІД өкілі:

3 желтоқсан күні таңғы сағат 9:45-те Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында 2016 жылы туған сәбидің қайтыс болғаны туралы ақпарат түсті. Шұғыл тергеу тобы бұл деректі растап отыр. Баланы қуаттандыру қондырғысы арқылы ток соғып, мерт болған. 

Бөбек ауруханаға жеткізілгенде, оның өліп қалғаны белгілі болған. Аталған фактіні полицейлер тіркеуге алып, қылмыстық іс қозғады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл сұмдық жаңалық ақтаулықтардың жағасын ұстатты. Мамандар  егер қуаттау құрылғысында ақау болмаса, оның адамға ауыр зақым келтірмейтінін айтады. Өйткені сымның кернеуі небары 5 Вольтті құрайды. Оның үстіне, түпнұсқалық аксессуарларда қысқа тұйықталудан қорғайтын функциялар да қарастырылған.

Мұхит Жәнібеков, сервистік инженер:

Қуаттау құрылғысы қытайлық өндірушіден сатып алынса, сапасы өте нашар болады. Мұндай жағдайда осындай оқыс оқиға орын алуы ықтимал. Мәселен, бала кіші дәретке отырып қойса, әрине, ол сулы еденнен тоқ өтеді. Егер бала бауды аузына салса, онда кернеу 220 Вольт болуы әбден мүмкін.