Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 24 жастағы әйел несиесін жабу үшін баласын сатқан

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2023
  • 880

Ал Алматы облысында 24 жастағы әйел несиесін жабу үшін баласын сатқан. Ол жүктіліктің 7-ші айында «бала сатам» деп әлеуметтік желіге жарнама берген. Сәбиді бауырына басам деген жұп та тез табылыпты. Олар ақысына безбүйрек ананың қарызын толық жауып беруге уағдаласқан. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп, тексеру басталды. Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторында. Жалпы елімізде тірі тауар саудасы қызып тұр. Оған тосқауыл жоқ па? Тілшіміз Айсауле Съезбек тақырыпты тарқатады.

Кәмелетке толмаған 22 бала сатылған. Сондай-ақ, көбіне психикалық ауытқуы бар азаматтар құлдыққа салынатын көрінеді. Немесе жас қыздарды тән саудасына мәжбүрлейді. Адам ағзасын алып-сату бойынша 4 факт анықталды. Ішкі істер министрлігі «бүйрек сатуды ұйымдастырған» қылмыстық топты құрықтаған. Нәтижесінде, 23 адам ұсталып, үшеуі қамауға алынды.

Қанат НҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында саудаға түскен 5 сәби құтқарылды. Және жезөкшелікке итермелеу бойынша 4 іс ашылды. Оның 3-і кәмелетке толмаған. Соның бірі - Батыс Қазақстан облысында. 35 жастағы әйел кәмелетке толмаған 2006 жылғы қызды үш ай бойы интимді қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ притон ұйымдастырып, жеңгетайлықпен айналысудың 24 дерегі анықталды. Тән саудасын жүзеге асыруға орын ұсынған 51 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Павлодарлық полицейлер 2 жыл еңбек құлдығында болған 1987 жылғы ер адамды құтқарды. Осыған ұқсас оқиға Абай облысында да тіркелген. 50 жастағы психикалық ауытқуы бар Семей қаласының тұрғынын біреулер ұрлап кеткен. Ол 3 апта бойы қаладан 200 шақырым жердегі елдімекенде еріксіз мал баққан. Осыдан 3 жыл бұрын із-түссіз жоғалып кеткен Назар Арминнің анасы Саида да ұлын біреулер құлдықта ұстап отыр ма деп күдіктенеді. Айтуынша, ұлы екінші топтағы мүгедек. Психикалық ауытқуы бар. Қайда, кіммен жүргенін түсінбейді.

Саида АРМИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ұлым ем алудан қашып, үйден шығып кеткелі 3 жыл болды. Оралмады. Іздемеген жерім жоқ. Волонтерлер де іздеп жатыр. Оны ұстап отырғандар болса, көргендер болса, полицияға хабар берулеріңізді сұраймын. Мен оның тірі екеніне сенемін. Іздеуді ешқашан тоқтатпаймын.

Айсәуле СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Ішкі істер министрлігінің өкілдері қайда жол жүрсеңіз де құжаттарыңызды түгендеп, жақындарыңды хабардар етуге шақырады. Жеңіл ақша ұсынатындарға бірден сенудің қажеті жоқ. Ал бала сүйе алмай жүргендер «сатып алып» бақытқа кенелем десе, қателескені. Кінәсі дәлелденсе, екі жақ қатар жазаланады. Ал баланы асырап алам деушінің бәрінің мұраты асыл емес-ау. Ағзасы үшін немесе тән саудасы үшін сатып алатындар да жоқ емес. Жыл басынан бері елімізде 124 қылмыстық іс тіркелді.