Астанада балабақша болады деп белгіленген жерге көпқабатты үй салынбақ. Тұрғындар бұған наразы. Себебі, бұл аумақта я мектеп, я балабақша жоқ. Ал бұған жауаптылар не дейді? Тілшіміз Динара Жақсыбайқызы тарқатады.
Сандуғаш Бақытханқызы «Сезім қала» қалашығына осыдан 2 жыл бұрын көшіп келген. Баспана алмас бұрын ең алдымен тұрғын үй кешенінің жоспарымен танысып, есік алдында мемлекеттік балабақша болатынына қызығыпты. Алайда ол қуанышы су сепкендей басылды.
Сандуғаш ЖАНБОСЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізге план бойынша осы жерде гос садик болады деп айтты. Мектеп болады деді. Біреу емес, екеу болады деді. Біреу енді арғы жақтан салынса Төле би жақтан. Бер жақтан школа болады деп айтты, мектеп. Бірақ гос садик бойынша движение жоқ.
Қалашық маңайында мемлекеттік бақша жоқ. Есесіне тұрғын үй көп. Жұрт балаларын 4-5 шақырым жердегі мектепке дейінгі тәрбие орнына тасиды. Ал кейбірі жеке балабақшаға қалдыруға мәжбүр.
Алтынкүл КАХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қаншама халық мектепсіз, садиксіз жан-жаққа сандалып тасып жүрміз балаларымызды. Біздің жан-айқайымызды естісе екен дейміз әкімшілік. Сол мына жерге салдырмай гос садик пен мектеп салып берсін.
Аян АМРИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Өзіміздің емхана болады, балабақша, мектеп, бірақ іс жүзінде мына жақта тек тұрғын үйлер ғана салынып жатыр. Біз әрине оған қарсымыз. Бұл жерде көлік қоятын орын болмай жатыр. Паркинг болады деген, бөлек тұратын, ол да жоқ.
Тұрғындардың талабын қала әкімдігіне жеткіздік. Ондағылардың жауабы мынадай болды:
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІ:
«SezimQala» тұрғын үй кешені аумағында екі мемлекеттік мектеп қарастырылған. Ал балабақшаға қатысты жер учаскесі 120 орындық мектепке дейінгі мекемесі, коммерциялық үй-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені үшін қолданыстағы бөлу бар екенін хабарлаймыз.
Белгіленген жер учаскесінің меншік иесі-«Turan City» ЖШС. Компания басшылығы да, бас жоспар бойынша мұнда 120 орындық мектепке дейінгі мекеме, коммерциялық үй-жайлар және автотұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы қарастырылғанын жеткізді. Қалашық аумағында балабақша да болады. Бірақ мемлекеттік емес, жеке.
"TURAN CITY" ЖШС:
Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осы алаңды нысаналы мақсаты бойынша игеру үшін инвесторлар іздестірілуде.
Тұрғын үй кешені аумағында екі мектеп, екі балабақша салынады деген жоспар бар.