Русский Сайттың толық нұсқасы

Сарапшылар, қараусыз қалған кен орындары Қазақстанға экологиялық қаіп төндіріп тұрғанын айтып, дабыл қақты

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2016
  • 4000

Қазақ даласы болашақта күл-қоқыс үйіндісіне айналуы мүмкін. Кен орындарын тарату мәселесі талқыланған арнайы конференцияда сарапшылар осылай деп дабыл қақты. Мамандардың есебінше, Қазақстанда пайдалы қазбалары алынып, кейін қараусыз қалып қойған жүздеген тау-кен орындары бар. Олардың нақты саны да белгісіз. Бүгінде бұл орындар орасан экологиялық қауіп төндіруде. Сондықтан мамандар тез арада тиісті шара қолдану керектігін айтады. Айжан Қуаш тарқатады.

Шығыстағы Зырян қаласының сыртында орналасқан бұрындары түсті металл қазылған кен орны бүгінде көлге айналған. Жер асты суы шұңқырдан асып төгіліп жатыр. Бірнеше жыл бұрын 126 үйге су кіріп, адамдар басқа жерге көшірілген еді. Экологтар мұндай көлдердің аса қауіпті екенін ескертеді.

Геннадий Корешков, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының жетекшісі:

Кен орны жер асты суларымен қоршалған. Шахта жұмыс істеп тұрған кезде суағарлар істейтін. Ал, кеніш  жабылған соң қараусыз қалды. Бұдан кейін жер асты сулары белгілі бір деңгейге көтеріліп, тоқтап қалса жақсы. Ал нөсер жаңбыр көп жауса, қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына қатер төндіреді.

Қаңырап қалған құрғақ шахталар да қауіпсіз емес. 2014 жылы Риддер қаласында, бүтін бір үй жер астына түсіп кеткен болатын. Бұрыңғы шахталардан қалған алып шұңқырлар Қарағанды облысында да көп. Ешкім оларды есепке алмаған. Қала шетіндегі мына карьердің аумағы 40 гектар, тереңдігі 40 метрге жуықтайды. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары бұл ашық көмір кеніші болған. Кейін қолдан қолға өтіп, ақыры жабылып қалды.

Евгений Иванкин, Қарағанды облысы «Қарағанды шахта тарату» РММК бас инженері:

Бұл кәсіпорындар банкрот болды. Оларда тарату қоры болған жоқ. Сондықтан карьерді құммен көміп, қалпына келтіріп жатырмыз. Қалалық Транском 10 гектарын тұрмыстық қалдықтарды сақтауға алды. Қалғанын біз жабамыз.

Осылайша, шахталар тараған соң олардан қалған қалдықтарды тазарту, шұңқырларды тексеріп көму мемлекеттің мойнына артылды. Алдағы жылы бұрыңғы Қарағанды көмір бассейні кәсіпорындарының орнын қалпына келтіруге қазынадан 1 млрд 700 млн теңге бөлінбек. Мәселені инвестиция және даму министрлігі назарға алған. Дүниежүзілік банктің қолдауымен тәуелсіз сарапшылар тау-кен нысандарын тарату, жабылған соң салдарын жоюдың қаржылық механизмдерін салыстырып, зерттеуде.

Жанар Файзулдаева, қауымдастырылған кеңесші-эколог:

Алғашқы тарату бағасы кеніштің жабылуына жұмсалатын қаржымен бірге есептелуі тиіс. Бүгінде бұл- кәсіпорындардың жылдық табысының 1 пайызын ғана құрайды, әрі оның кен орнын таратуға еш қатысы жоқ. Сондықтан жалпы таратудың жеке құны болуы тиіс. Осылайша, болашақта мемлекетке түсетін қаржылық салмақ азаяды.

Мәселені біржола реттеу үшін «Жер және Жер қойнауын пайдалану» заңына өзгерістер енгізілуі керек дейді, мамандар. Өйткені аталған құжатта шахталарды таратудың салдарын жою туралы бап жоқ екен.

Тимур Одилов, «White & Case Kazakhstan» компаниясының заңгері:

Бұл мәселені жер қойнауын пайдаланушыларға түсіндіру керек. Олар жерден пайда тапқан кезде қоғамға, мемлекетке зиян келтірмеуі тиіс. Австралия, Канада елдеріндегідей шахтаны алған кезде, оны жапқаннан кейінгі жұмсалатын шығындарды есептеп, жобасын мемлекетке ұсынуы тиіс.

Айжан Қуаш, тілші:

Дегенмен, сарапшылар ұсынған жоба әлі талқылану үстінде. Нақты шешім қабылданған жоқ. Экологтар  есебінше, жыл сайын Қазақстанда 250 млн тоннадай адам денсаулығына зиянды қоқыстар жиналады екен. Өндірістік қалдықтар бойынша,  Қарағанды металлургиялық кәсіпорындары көш бастаса, Шығыс Қазақстан екінші орында. Одан кейін Қостанай мен Павлодар тұр. Экологиялық апаттың алдын алуға бей-жай қарауға болмайды,- дейді мамандар.