Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өтіп жатқан Дүниежүзілік климаттық саммитіне барды. Мемлекет басшысын Біріккен араб әмірліктерінің Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш қарсы алды. Саммитке әлемнің 200-ге жуық елінен 70 мыңға жуық делегат шақырылған. Желтоқсанның 12-не дейін өтетін конференцияда қазба отыннан бірте-бірте бас тарту арқылы жаһандық температураны индустриялдық дәуірге дейінгі деңгейінен 2 градустан артық асырмау мәселесі талқылануда. Самитте сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, СОР28 саммитіне төрағалық еткені үшін Жоғары Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр. Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр.