Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тұрғын үйде баспалдақ опырылып түсіп, тұрғын зардап шекті

Ақтөбеде екі қабатты үйде баспалдақ опырылып, бір адам зардап шекті. З метр биіктен құлаған әйел түрлі жарақат алған. Тұрғындардың айтуынша, үй сонау алпысыншы жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмеген.

Тұрғын үйдің баспалдақтары кезінде таза ағаштан соғылған. Алайда, тозығы жеткендіктен соңғы жылдары жиі сыр беріп жүрген көрінеді. Екатерина Новикова пәтерінен шығып, баспалдақта екі, үш қадам аттай сала, жерге құлаған.

Екатерина НОВИКОВА, ТҰРҒЫН:

Бірдің шамасы болу керек, қызымды үйге кіргіздім де өзім сыртқа шығып бара жатып, баспалдаққа аттағаным сол еді бірге құладым. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Құдай сақтап, қайта ауыр жарақат алмадым.

Екатеринаның миы шайқалып, омыртқасы зақымданған. Қазір ол үй жағдайында ем алып жатыр. Мұнда барлығы сегіз пәтер бар. Тұрғындардың көпшілігі жиырма жылдан бері тұрады. Екінші қабаттағылар кешеден бері сыртқа шықпапты. Уақытша баспалдақ орнына қойылған ағашпен жүру қауіпті дейді.

Галина БИЛАН, ТҰРҒЫН:

Балаларым қоңырау шалып, әже сыртқа шықпа деп жатыр. Маған қауіпті мына баспалдақпен түсу. Азық -түлікті барлығын солар әкеліп отыр. Кеше терезеге жіппен көтерді.

Светлана ШЕРКЕШБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Ана қараңыз, трещина. Үйдің іші де сондай. Үйдің іші жоғарыдан төмен қарай осылай. Жаңбыр жауса үйде жаңбыр болады, қар жауса, сырость. Реставрация істеуге былтыр мен документ тапсырдым. Онан әлі хабар жоқ.

Тұрғын үй осы уақытқа дейін иесіз саналған. Техникалық төлқұжатының өзі тек былтыр әзірленіпті. Биыл құбыр жарылып, жылу жүйесі де тек үш апта бұрын әрең қосылған көрінеді. Десе де, арнайы мемлекеттік сараптама «Тұрғын үй 82 пайызға тұруға жарамды» деген қорытыңды шығарған.

Жақсат ТӨЛЕГЕНОВ, «АСТАНА» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы айтатын болсақ бұл үй сараптама жүргізілген. Сараптама қорытыңдысына сәйкес үй авариялық деп танылмаған. Сәйкесінше енді Тұрғын үй инспекциясына модернизацияға тапсырған. Қазіргі таңда бұл құжаттар қаралу үстіңде.

Әкімдіктегілер демеушілік көмек тартып, тұрғын үйдің баспалдағын қалпына келтіріп бермек. Астына темір тірек салынады. Бұл жұмыстарды екі күнде бітірмек.

Бақыт ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айналада дәл осындай 15 шақты үй бар. Ал жалпы осы ауданда 14 үй апатты жағдайда деп танылған.