Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас прокуратураны «қамшылап отыратын» құзырет беру ұсынылды

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2023
  • 761

Мәжіліс депутаты, заңгер Марат Бәшімов «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда заңнамаға Бас прокуратураны қамшылап отыратын норма енгізуді ұсынды.

«Қазір Адам құқықтары жөніндегі институттардың ТМД мемлекеттерінде, басқа да елдерде өзінің орнын тауып үлгерді ме деген сұрақтар туындап тұр қоғамда. Өйткені көбінесе олардың жұмыстары түскен арыздарды прокуратураға жолдаумен шектеліп жатыр. 1988 жылы Польшада қабылданған заңдарда бір норма болған. Прокуратура адамның құқықтары тапталып жатқан қандай да бір фактіге көңіл бөлмесе, реакция білдірмесе, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қарсылық білдіруге құзырет берген. Бүгінгі жиын ғылыми-практикалық конференция болғандықтан осыны зерттеу туралы ұсынып тұрмын. Бір жағынан қарағанда, оның халыққа қаншалықты пайдасы болатынын түсініп алуымыз керек», - деді заңгер.

Оның сөзінше, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл деген – халықтың институты.

«Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ондай құзырет берілсе, Бас прокуратураны қамшылап отыратын тетік пайда болар еді. Бұл норма бойынша құқығы тапталды деп есептеген адам Бас прокуратураға ресми түрде жүгіну керек. Ол арыз-шағымына Бас прокуратурадан реакция болмаса, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінеді. Уәкіл сол шағым негізінде қарсылық білдіріп, істі қайта қозғау туралы бастама көтере алады. Меніңше, заңға осындай норма кіргізуге болады», - деді Мәжіліс депутаты.