«Мен лудоманмын». 12 жыл бойы құмар ойынға тәуелді болған атыраулық азамат өміріндегі өзгерістермен бөлісті. Ол 5 жасында ата-анасы сағыз алуға берген ақшаға ойын автоматын ойнаған. Ал мектепте оқып жүргенде отбасыммен лотерея сатып алуды әдет еткен. Өскен сайын құмар ойынға құнығу әдетке айналыпты. Аймақта жұқпалы ауруға айналған қоғамның басты дерті – лудоманиямен күрес қалай жүруде? Тілшіміз әңгімелейді.
28 жастағы Нұртас Нұрғалиұлы - өзін лудоман ретінде ашық мойындаған жастардың бірі. Ол 12 жыл бойы құмар ойынның шырмауында шырмалған. 50 мың АҚШ доллары желге ұшқан. Үйі мен қос көлігінен айырылыпты. Бәрінен бұрын уақыт пен сенімнің орнын толтыру қиын,- дейді ол. 1 жыл 8 айдан бері шырмаудан шығып, өзіне келген ол құмар ойынның құрбаны болған адамды туыстары жасырмай, ашық айтқанда ғана күресу жеңілдейді,- дейді.
Нұртас НҰРҒАЛИҰЛЫ, ЛУДОМАН:
Жас бала ойнайтын болса, отбасында ең бірінші оны әскерге жібереді. Әскерде кредиттен босатады, өмір көреді деген мақсатта әскерге жібереді, онымен өздеріңіз білеміздер жаңалықтарда шығады әскерге жібергенде барғаннан кейін салдары жаман болады. Одан бөлек екінші сиқырлы нәрсеге сенеміз ауылда емші ба, емшілерді аралап кетеді. Ойыншылар тұйық болады. Тұйық болғаннан кейін ашылмайды. Ашу үшін қоғам оны түсінбейді.
Тәуелділіктен арылған Нұртас өзінің тағдырласымен бірігіп, «Жаңа өмір» қолдау орталығын ашқан. Онда ойынға бәс тігіп, өмірден баз кешкен жандарға көмектеседі. Лудомандар әр бейсенбі сайын аноноимді түрде оқиғасымен бөліседі. Жұмада футбол ойнайды. Нәтижесінде тұрақты түрде келетін 25 ойынқұмардың 2-еуі отбасымен қосылып, 1-і суицидке бару райынан қайтқан. Әзірге орталықтың тұрақты ғимараты жоқ. Бірақ көмек сұрап келушілер күн сайын көбейіп барады,- дейді ол. Өңірде жыл басынан бері екі заңсыз ойын бизнесінің жолы кесілген.
Бекболат ӘНЕСОВ, ОБЛЫС БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Атырау қаласында жасырын казино ұйымдастырған 2 тұлға анықталып, аталған тұлғалар Қылмыстық Кодекстің 307 бабының 2-бөлігімен іс аяқталып, сотқа жолданып, кінәлі деп танылды. Сот сонымен қатар бұл бағытта 307 бабының 2-ші бөлігімен Құрманғазы ауданындағы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған азаматша анықталып, соттың үкімімен кінәлі деп танылды.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері 486 онлайн казино сілтемесін бұғаттаған. Аймақта жастар жиі жиналатын орындарда құмар ойынның зардабы туралы түсінік жүргізу жолға қойылған. Нұртас Нұрғалиұлының айтуынша, онсыз да қаржы қиындығынан шыға алмай жүргендердің туыстары құны қол жетпейтін көршілес елдерден келетін психотерапев қабылдауына жарыса жазылады. Өйткені Атырауды айтпағанда, елімізде маман жоқтың қасы.