Русский Сайттың толық нұсқасы

"Талағын беріп бастады". Күйеуі теріс ағымға түскен әйел Африкадағы балаларын елге қайтара алмай жүр

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2023
  • 714

33 жастағы Гүлмира Зиятдиноваға заңды некедегі жолдасы кәмелетке толмаған ұл-қызын Африкаға алып кетіп, бірнеше айдан бері көрсетпей жүр. Балаларын қайтаруға көмек сұраған ана оқиғаның егжей-тегжейін "Көреміз" бағдарламасына айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Гүлмира Зиятдинованың айтуынша, жолдасы теріс ағымға түскен.  

"Біз 2017 жылы үйлендік. 2018 жылы намаз оқып бастадық. Үйленгеннен 3 жылдан кейін жолдасым өзгере бастады. Жолдасым мені туғандарыммен араластырмады, мектепке балаларымды бермеймін деді. Бірінші, Түркияға барып тұрамыз, балаларды сол жақта оқытамын деді, мен көндім. 2020 жылы Түркияға көшіп барғаннан кейін мені екі баламмен тастап, өзі Ресейге мұнай саласында жұмыс істеуге кетті. 
Біраз уақыт өткен соң, Түркияда тұра алмайды екенбіз, Мавританияға көшеміз деді. Мен оған көнбедім. Мен Түркияда екі баламмен, ол Ресейде жұмыс істеп жүрген кезінде екінші әйел алып үлгеріпті. Мен бұл туралы 2022 жылы ғана білдім. Мен екінші әйелге қарсы болғандықтан, онымен тұрғым келмейтінін айттым. Күйеуім тұрғың келмесе, ажырайық деп, бірінші талағын беріп бастады", - дейді балаларын елге қайтара алмай жүрген ана. 

Гүлмира Зиятдинованың жолдасы әйелінің қарсылығын естіп, ажырасқысы келетінін айтып, Түркияда тастап кеткен.

"Сонымен мені Түркияға тастап кетті, Қазақстанға қайту үшін ақша сұрадым, бермеді. Амалсыздан ағама жүгіндім, соның көмегімен екі баламмен Қазақстанға келдім. 3 ай Астанада тұрдым, кейін балаларды жолдасымның айтуымен ата-енемнің үйне апарып, өзім Астанада жұмыс істеуімді жалғастырдым. Бір-екі апта сайын ата-енемнің үйне балаларыма барып тұратынмын, олармен арақатынасым жақсы болды. 

Уақыт өте жолдасым екінші әйелімен ажырасып кеткенін, арада бала жоқ екенін айтып, қайта қосылуды сұрады. "Маған екеуміздің бала-шағамыз керек, Мавританияға кел" деп ұсыныс білдірді. Басында бас тарттым, мен бұған дейін ажырасуға арыз тастаған едім. Күйеуім өлердегі сөзін, заң бойынша да, шариғат бойынша да ажыраспайтынын айтып, мені сендірді. Солай бізге әуе билеттерін сатып алып, біз Түркия арқылы Мавританияға ұшып бардық", - дейді ол. 

Оның сөзінше, Мавританияның Умма ру кора деген жерінде Қазақстан, Ресей сияқты елдерден келген азаматтар араб тілі мен құран оқып үйренеді.

"Мавританияда әртүрлі елден араб тілін, құран оқуды үйренетін Умма ру корада тұрдық. Мақсаты - мені үйрету болды. Жұмысқа кеттім деп 8-10 күн бойы жоқ болатын, үйге қайтып келгенде 3-4 күн тұратын", - дейді кейіпкеріміз.

Арада уақыт өтпей күйеуі Гүлмираны ұрып бастаған, екінші әйелімен ажырастым деген сөзі де жалған болып шыққан.

"Жолдасым мені алдаған сияқты болып күдіктеніп, оған Қазақстанда тұрғың келмесе, ең болмағанда Түркияға барып тұрайық дедім. "Қазақстанға қайтпаймыз, ол жақта кәпірлер тұрады" деген жауап алдым. Сонымен Мавританияға барған күннің ертесіне мені ұрып-соғып, балаларымның барлық құжатын тартып алды", - дейді ол.  

Гүлмираның жолдасы оған Қазақстанға қайтуына көмектесуден бас тартқан, тіпті ағасына "керек болса, өзің алып кет" деп айтқан көрінеді.

"Ағамның көмегімен 5 қазанда жалғыз Қазақстанға қайтып келдім. Кейде 3 жасар қызыммен телефон арқылы сөйлесемін, ал 3 жасар ұлым менімен сөйлеспейді, бізді тастап кеттің деп ренжіп қалған. Қазір балаларым Рүстемнің (күйеуінің) екінші әйелімен бірге тұрады", - дейді ол.

Гүлмира Зиятдинова балалары өзін сағынып жүргенін айтты.

"Африкаға сәуірде барып, осы айда қайтып келдім. Екі күн бұрын балаларыммен сөйлестім, олар мені сағынып жүр", - деді ол.

"Көреміз" бағдарламасының жүргізушісі Руслан Өтепбай Гүлмираға балаларын қайтаруға көмектесуге уәде берді. Гүлмираға заңгердің өзі көмектесетін болады.