Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жақсы әнші, бірақ жауапкершілігі жоқ": Актриса Нұргүл Қарабалина әнші Садраддинге ренжігенін айтты

  • AstanaTV
  • 11 желтоқсан 2023
  • 1703

Танымал актриса, продюсер Назгүл Қарабалина қазақ эстрадасындағы жас әншілерге шүйлікті. Актрисаның айтуынша, қазіргі жас әншілердің дені – жауапсыз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы кезде актриса продюсерлікке бет бұрып, үлкен концерттерді ұйымдастыруға мұрындық болып жүр.

“Талай концерт ұйымдастырып жүрсек те, жаңадан шығып жатқан жас әншілердей жауапсыз адам көрмеппіз. Мысалы, Роза Рымбаева концертке қатысатын болса, бір минутқа да кешікпей келеді. “Sound check” деген термин бар өнер әлемінде, соңғы рет концерт алдындағы дайындық. Дауыс аппараты мен дыбыс қоюды бәрін тексереміз. Бірде Роза апайымызды концертке қатыстыратын болдық. Соңғы дайындық болып жатқанда, “әніңіз бәрі дайын, келмей-ақ қойыңыз. Ертең концертке бір-ақ келіңіз” деп рұқсатымызды берсек те, ол кісі: “Дайындықтан қалмаймын, сендер мына жақта жанталасып жайындалып жатқанда, үйде қол қусырып отыра алмаймын,” деп саундчекке де келді. Міне, өнерге деген жанашыр пен жауапты адамның сөзі. Бес ән айтса да, бесеуіне де дайындық жасайды”, – дейді актриса.

Айтуынша, қазіргі жас әншілердің сахналық образы мен адаммен қарым-қатынасына көңілі толмайтын көрінеді.

“Садраддин деген әнші бар. Жастар арасында кеңінен танымал. Сапалы әндер жаздырған, өте еңбекқор бала. Соны концертімізге шақырмақ болып, хабарласқанымызда бірден келісті. Бірақ ешқандай дайындыққа келмеді. Екі концертке де қатысуға келісім бергенімен, концерт басталардан бес минут бұрын ғана келді. Машинадан түскен бойда, спорт киімімен сахнаға шықты. Ешқандай сахналық образ жоқ. Көшедегі киімімен сахнаға шыға салады. Концертті ұйымдастырып жатқан қаншама адамның уайымы Садраддин болды. “Шүкір, Алла бақ бердің” деп ән салады, бірақ тірлігі әніне сай емес. Шүкіршіліктің астында жауапкершілік болуы керек. Әннің сөзі әншінің жүрегінен шығуы керек”, – дейді өнер иесі.