Түркістан облысында қар құрсауында қалған 31 жолаушыға көмек көрсетілді.
Күн райының күрт суытуына байланысты Түркістан облысындағы жолдар жабылуда. Қазіргі кезде «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 601 шақырымындағы Шақпақ ауылының маңы мен 654 шақырымындағы Машат асуында 2 блокбекет орнатылды. Сондай-ақ Бәйдібек ауданы аумағындағы облыстық маңызы бар Шаян-Ағыбет, Шаян-Ақбастау, Шаян-Мыңбұлақ, Шаян-Бірлік-Кеңестөбе автожолдары жабылып, қосымша 4 блокбекет қойылды.
Өңірде тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жол бойында адасып қалған және автокөліктері қарда тұралап қалған жолаушыларға көмектесуде. Мәселен, Республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 635 шақырымындағы Қарашық ауылы маңында 6 жолаушымен Түркістаннан Алматыға шыққан «Toyota Alphard» көлігі және 5 жолаушысы бар 3 жеңіл автокөлік қар құрсауынан шығарылды.
Бәйдібек ауданы аумағында жол ортасында тұрып қалған 17 жүргізушіге көмек көрсетіліп, 6 көлік кері қайтарылды.
«Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен 11 желтоқсаннан бастап маңызы бар жолдарда патрульдеу мен ауа-райының құбылуына байланысты жолаушыларға көмек көрсету жұмыстарын тәулік бойы жүргізілуде. Сақшылар тұрғындарға ауа-райының қолайсыз болуына байланысты алыс жолға шықпау керектігін ескертеді» - деді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Гүлнар Әбдіжаппарова.
Айта кетейік, бұдан алдын қатты аяздан Түркістан облысында жолдар жабылып, мектептер онлайнға көшкенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Түркістан облысындағы трассаларда 4 жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.