Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұнай өндіруші елдердің өнім көлемін қысқарту туралы уағдаластығы экономикаға оң ықпал етеді – Бақытжан Сағынтаев

  • AstanaTV
  • 12 желтоқсан 2016
  • 3084

Қазақстан келер жылдан бастап мұнай өндірісін тәулігіне 20 мың баррельге дейін қысқартады. Бұл туралы Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев айтты. Премьер-министрдің айтуынша, мұнай өндіруші елдердің өнім көлемін шектеу туралы уағдаластығы ел экономикасына оң ықпал етеді.

Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-министрі:

Өткен сенбіде Венада ОПЕК-ке мүше емес елдер мұнай өндіруді төмендету туралы бәтуаласты. Оның ішінде біз де тәулігіне 20 мың баррельге дейінгі көлемді бекіттік. Бүгінде баға 57 долларға жетті. Бұл бізді үміттендіреді. Алдағы жылдың Қазақстан үшін табысты боларына сенім артамыз.

Ал энергетика министрінің айтуынша, мұнай өндіруді шектеудің Қарашығанақ, Қашаған немесе Теңіз секілді ірі кен орындарына қатысы жоқ. Яғни өнім көлемін қысқарту Ақтөбе, Қызылорда мен Батыс Қазақстандағы өзге мұнай кеніштерінде жүзеге аспақ.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Қараша айында Қазақстан тәулігіне 1,7 млн баррель мұнай өндіргенін ескерсек, 20 мың баррельге қысқарту дегеніміз - бұл соншалықты көп емес. ОПЕК елдері мен оған кірмейтін мемлекеттердегі әріптестерім Қашағанның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстан өзгелерді қолдап, өнім көлемін қысқартатыны туралы хабарлауы керек болды. Барлығы біз қысқартпайды, қысқарта алмайды деп ойлады. Бірақ біз аймақтық мұнай державасы болуды қойып, ОПЕК-ке мүше емес елдер арасында әлемде маңызды роль ойнайтынымызды көрсеттік. Өйткені Қазақстан өндіру көлемі бойынша 2-ші орында.