Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қарыз берерде міндетті түрде қолхат алыңыз", - заңгер

Иа, баспаналы болу көптің арманы. Пайызы төмен болуы үшін жылдар бойы жинаған қаражат болуы керек. Ал қолма-қол сатып алуға бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Соған қарамастан жаңа үйлердің бағасы өсіпті. Толығырақ ЭКОНМИКА топтамасында.

Бір жыл ішінде жаңа пәтер бағасы 3,2 пайызға қымбаттады. Әдетте мегаполистер көш бастап тұратын. Бұл жолы солтүстіктегі үйлердің бағасы өсіпті. Мәселен, Павлодарда 15%, Петропавлда 10,6 пайыз қосылған. Ал Шымкент пен Көкшетауда керісінше арзандаған.

Қаржысы жетпегендер қолданыстағы баспананы қарайды. Олардың бағасы 5,4 пайызға арзандаған. Ескі болса да қымбатқа бағалайтындары бар. Мәселен, Семейде 8,3 пайызға, Қызылордада 7,8 процентке жоғарылаған. Нарықта бір шаршы метрі 493 мың теңге тұрады.

Ел бойынша жалға алу бағасы 0,9%-ға төмендеді. Жалдамалы тұрғын үй құны Алматы мен Түркістанда түскен, Павлодарда өзгеріссіз қалды және үш қалада – Жезқазған, Қарағанды және Көкшетауда өсті. Ел бойынша орташа есеппен бір шаршы метрді жалға алу 4800 теңге тұрады. Ең қымбаты Алматыда, ең арзаны Таразда.

Наурыз айынан бері банкроттыққа қатысты 80 мыңнан астам адамның өтініші қаралды. Оның 10 мыңға жуығы қанағаттандырылған. Алты ай уақыт құжаттарды тексеру рәсімдеріне арналды. Алғашқы банкрот мәртебесін алғандар қыркүйек айынан басталды. Енді банкроттық процесс жеңілдетілмек. Кедергілер жойылады. Келесі жылдың басында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, мүмкіндіктер кеңейтіледі.

Қарызды қайтармауға болады. Статистикаға қарап осылай ой түйесің. Берешегі барлардың 50 пайызы алған ақшасын бермейді екен. Адамдар арасында туыстық, достық қарым-қатынастың бұзылуы да осы себепті жиілеген. Қарызды қарызбен жабуды әдетке айналдырып алғандар бар. Таныстан қарыз алар кезде тізерлеп, өлердегі сөзін айтады. Кейін қоңырауларына жауап бермей, қашып жүреді. Психологтар мүмкіндігінше ешкімге қарыз бермеуге кеңес береді. Берген күннің өзінде, ол ақшаның қайтпауына іштей дайын болып, қалтаңызға да, көңіліңізге де ауыр тимейтін соманы берген дұрыс деп есептейді. Ал заңгерлер міндетті түрде қолхат алу керек дейді.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Халықта мынадай ой бар, егер ол нотариялды болса ғана оның күші бар, ал қолхатты қолдан жазса оның күші жоқ деп айтып жатады. Бірақта ол олай емес. Егер адам өз еркімен қолхат жазса ол сотта дәлелдеме ретінде жол беріледі. Қолхатта қандай мәселелер көрсетілуі керек? Қарыз алып жатқан адамның аты-жөні, ЖСН-і, тұрғылықты мекен-жайы, телефон нөмері және қай кезде қайтаратынын анықтап көрсетуі тиіс.